3 желтоқсан: Атаулы күндер мен оқиғалар
1992 жылдың аяғында БҰҰ Бас Ассамблеясы мүгедектер онжылдығының (1983-1992) аяқталуына орай 3 желтоқсанды мүгедектер күні етіп жариялады. Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні туғанынан өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір назар аударып, жанына желеу болуға мүмкіндік жасайды.
БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемде 600 миллион мүгедек жан бар. Олардың 500 мыңға жуығы - қазақстандықтар.
Дүниежүзілік компьютерлік 3D-графика күні
Кәсіби немесе әуесқойлық деңгейде үш өлшемді компьютерлік графика құрумен айналысатын адамдардың ресми емес мерекесі.
Бұл мерекені атап өтуге бастамашы болған Alias System Corporation компаниясы. Күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 саны мен December айының атауы 3D қысқарған атауын еске салады. Кейде ағылшын тілді дереккөздерде үш өлшемді графика құрметіне мереке 3December деп те аталады.
1993 жылы Бішкекте құрылған рухани байлықтың қайта түлеуіне жәрдемдесуші «Руханият» халықаралық қауымдастығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жыл адамы» құрметті атағын берді.
1993 жылы Каспийдің қазақстандық қайраңында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін Халықаралық консорциум құру туралы Келісімге қол қойылды. Шетелдік жеті компаниядан («Аджип», «Бритиш Петролеум», «Статойл», «Бритиш Газ», «Мобил», «Total», «Shell») және бұл жобаның операторы ретінде шыққанг «ҚазақстанКаспийШельфтен» құрылған консорциум аймақтың мұнай әлеуетін үшжылдық геологиялық зерттеу туралы келісімге қол қойды.
2009 жылы Қазақстанда тағы екі халықаралық пошта маркасы шығарылды.
Маркалар фауна мен флораға арналған. Олардың бетінде долана өсімдігі мен итаю бейнеленген. Әрқайсысы 180 теңгеден тұратын 100 мың данадан шығарылды.
Қазпошта маркаларында бұдан бұрын да суреттелген жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «proof» сапасымен номиналы 500 теңгелік «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Жылқы жылы» алтын және күміс ескерткіш монеталарын айналымға шығарды.
Күмістен және алтыннан жасалған екі монетаның бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей.
«Жылқы жылы» ескерткіш күміс және алтын монеталары - «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясын жалғастыратын төртінші монеталар.