Қармақшы ауданының әкімі кәсіпкерлермен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі М.Қалдарбеков Жосалы кентінде орналасқан Қайрат Мұсабековтің тігін цехында және жас кәсіпкер Қазақбай Махмудтың наубайханасында болып, нан өнімдерін шығаратын цехының жұмыс барысымен танысты.
Сонымен бірге шарада аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ұйымдастырған Қармақшыдағы тауар өндіруші кәсіпкерлердің көрмесі ұйымдастырылды.
Аудан кәсіпкерлерімен кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысы Еркебұлан Абдикеровтің хабарламасы тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында кәсіпкерге біршама қолдау бар. Бүгінгі кездесулер жалпы кәсіпкерлердің бір –бірімен тәжірибе алмасып, өнімдерін өткізуге үлкен қолдау болмақ. Ауданымызда қолайлы іскерлік климатты құру үшін кәсіпкерлік қызметті қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары жүзеге асыру қолға алынуда» – деді, аудан әкімі.
Кездесуде қаржылық даму институттары әр түрлі салада қызмет көрсететін банк өкілдері қатысып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптарын берді.
Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға арналған шарада аудан әкімі алғыс хаттар табыстап, аудан дамуына үлес қосып жүрген іскер кәсіпкерлердің марапатына ұласты.