Мерзімі өткен тауарды сатып алынғандығын растайтын түбіртексіз қайта өткізуге болады
Kyzylorda-news.kz. Кез келген тауарды қайтару үшін сауданы растайтын құжат қажет. Ал, мерзімі өткен тауарды қайтару үшін оның сатып алғандығын растайтын құжат – кассалық немесе тауарлық чек, сауда түбіртегі немесе ақшаны алғандығы жөніндегі қолхат талап етуге ешқандай кәсіпкердің құқығы жоқ. Бұл туралы біздің ақпарат агенттігіне ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Департамент мамандарының айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 18-бабына сәйкес, лайықсыз сападағы тауарды қайтару кезінде тұтынушыда тауардың сатып алғандығын растайтын құжаттың жоқтығы оның тауарды сатып алғандығын дәлелдейтін фото-видео материалдарды пайдалану және куәгерлерді тарту құқығынан айырмайды. Тұтынушы Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылған жағдайларды ескермегенде, дүкеннің фото және бейнежазбаларын пайдалануға да құқылы.
«Осы Заңның 30 бабы 1-1 тармағына сәйкес, сатушы мерзімі өткен, сондай-ақ, өнімнің техникалық регламент белгілеген талаптарына, нормативтік құжаттарына сай келмейтін, сонымен қатар зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауарды оның қолданылғандығына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбасының, зат белгісінің сақталмағандығына қарамастан, тауар сатып алынған мерзімнен 30 күн ішінде айырбастауға немесе сатып алынған тауар соммасын қайтаруға міндетті», – деп мәлімдеді аталған департамент қызметкерлері.