Қызылордада жыл басынан бері 6 өрт оқиғасы тіркелген
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада 31 желтоқсан-8 қаңтар аралығында 6 өрт оқиғасы орын алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаментінің Зіл залалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық саласындағы бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Тұрманов айтты.
Жаңа жыл кешінен кейін Қызылорда қаласында 6 өрт оқиғасы тіркелген. Қаңтардың алғашқы күні «СПМК-70» мөлтек ауданында «Мазда» маркасындағы автокөлік өртенген. Сонымен қатар дәл осы күні «Сәулет» мөлтек ауданында тұрғын үйден өрт шыққан. Оқыс оқиғаның орын алуына екі адамның жанжалдасуы себеп болған.
«1 қаңтар күні екі өрт оқиғасы тіркелді. Бірінші оқиғада автокөлік өртенген. Қазіргі таңда өрттің шығу салдары анықталуда. Екінші оқиға тұрғын үйдің қонақ бөлмесінде кілемнің 0,5 шаршы метрі өртенген. Онда азаматтар бір-біріне ерегісіп, кілемді қасақана өртеген. Олар сол маңда ішімдік ішкен. Тұрғындар алдымен полиция қызметкерлерін көмекке шақырған», - дейді Бақтияр Тұрманов.
Басқарма басшысының айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенге дейін тәртіп сақшылары тілсіз жаудың алдын алған.
Брифинг барысында басқарма басшысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Атап айтар болсақ, өткен жылдың 10-28 желтоқсан аралығында жаңа жылдық мерекелік шаралар кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 474 шара ұйымдастырылды.
«Қарау барысында алғашқы өрт сөндіру құралдарының жұмысқа жарамдылығына, жаңа жыл шыршасын электр гирляндалармен, иллюминациялармен қауіпсіз безендірілуіне аса назар аударылды. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 503 заң бұзушылық анықталды»,-деді Бақтияр Тұрманов.
Мұнан өзге, сала мамандары өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін пиротехникалық бұйымдарды рұқсат етілмеген орындарда және тиісті сертификатсыз сатуға тыйым салған. Осы орайда арнайы топ құрылып, 45 рейдтік жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілді.
Динара МАХАНОВА