Қызылордада көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.Қызылорда облысында жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды. 31 қаңтар күні Сырдария ауданында жергілікті уақыт сағат 22:50 шамасында полиция қызметкерлері көлік құралының Жол қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғандығын байқайды. Дереу тоқтатып, тексеру барысында көлікті тізгіндеген 26 жастағы облыс тұрғынының жүргізуші куәлігі жоқтығын анықтайды.
Өткен жылы, яғни 2019 жылдың желтоқсан айында соттың шешімімен оның көлік құралын жүргізу құқығынан 3 жылға айырылғандығы белгілі болады. Бірақ көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, бұл азамат көлік құралын мас күйде қайта басқарып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Сараптама қорытындысы бойынша азамат орта дәрежедегі мас күйінде болған. Тәртіп бұзушы дереу Сырдария аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346- бабының 1-бөлігі («Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы дерегі») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оған қатысты автокөлік жүргізу құқығынан өмір бойы айырыла отырып, 5000 АЕК-ге дейін айыппұл /13.255 000 теңге дейін/ салуға немесе 5 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.