Қызылордалық азамат қажылыққа тегін жолдама алды
Kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен «Достық» үйінде «Жарасымды жанұя» тренингі өтті.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған өнегелі шаралардың тұсаукесері – тұңғыш рет өткен жаңа форматтағы отбасылық тренинг болды.
Тренингті ашып берген «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Жеңіс Әбибуллаұлы «30 жылдық мерейтойға 30 игі шара» республикалық акциясы аясында бастау алған бірқатар жобалармен таныстырып, облыстық мешітте «Діни сұрақтар бойынша кеңес беру» орталығы үздіксіз жұмыс жасайтынын айтты.
Бұдан кейін қоғамдағы өзекті мәселелердің түйіткілін түртіп, түйінін шешуге арналған тағылымы мол рухани кештің басты спикерлері: қалалық «Әл-Уәли» мешітінің Бас имамы Батырбек Тұрғанбайұлы бала тәрбиесіндегі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен тәлімді мысалға келтіре отырып, ата-ана мен бала арасында берік көпір орнату, салихалы ұрпақ өсіру туралы ой саларлық кеңестерімен бөліссе, «Нұр» мешітінің Бас имамы Марат Үркімбайұлы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, міндеттері мен құқықтары, бақытты отбасы болудың құпиясы жайында сөз қозғады.
Кеш соңында көрермендердің қатысуымен «сұрақ-жауап» ойыны ойнатылып, 3 кезең бойынша барлық сұрақтарға дұрыс жауап берген Ілесбек есімді азамат кіші қажылыққа жолдаманы жеңіп алса, одан бір ұпайға ғана есе жіберген Шынболат бауырымыз жүлделі екінші орынды иемденіп, Samsung S10 маркалы ұялы телефонды қанжығасына байлады.
Айта кетейік, мерекеге арналған мерейлі шараның басты демеушілері – үнемі шарапаты мол сауапты істердің қасынан табылатын белсенді азаматтардан құралған ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігіне қарасты «Нұр» мешітінің ерікті жамағаты.
Тегін тренингке келіп, берекелі кештің куәсі болған 350-ге жуық көрермен ерекше әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға риясыз ризашылықтарын жеткізді. Алдағы уақытта да осындай ерекше форматтағы тағылымды жобалар көптеп жүзеге асырылуына тілек білдірді.