Қызылордада жанар-жағар май құю бекеті ашылды
Kyzylorda-news.kz. «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында Қызылорда қаласында айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасқан. Оның нақты дәлелінің бірі облыс бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 49 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде.Бүгін осы игілікті істердің жалғасы, заман талабына сай жабдықталған, халыққа сапалы қызмет түрін ұсынатын еуропалық форматтағы «Compass» түрлі жанармай құю кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс көзін ұсынып отырған кәсіпкерге қала тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын негізгі қызмет түрлерінен салық төлеуден 3 жылға босатудың заңнамалық базасын әзірлеуді тапсырды және 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді үш жылға тыйым салған болатын. Бұл – мемлекеттік қолдау өңірімізде кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпін береді деп есептейміз. «Компас» кешенінің басшыларына қала тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін. Жаңа бастамаларыңызға табыс, кәсіптеріңізге береке тілеймін!»,- деді шаһар басшысы.
«Compass» - Express Market пен түрлі жанармай құятын бекетті біріктірген еуропалық форматтағы жанар май құятын бірден-бір кешен.
Еуропалық үлгіде салынған кешенде қоршаған ортаны ластамауға, магистральдық қауіпсіздікті сақтауға басымдық берілген. Оның бір ерекшелігі, газдың резервуарлық қондырғылары жердің астынғы қабатына орналасуында және құю жүйесі тұтастай электронды. Бұл жанармай мөлшерінің дәлдігіне кепілдік береді. Барлығы да атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жобаланған.
Жалпы құны 218 млн. теңгені құрайтын Қ. Яссауи көшесінен бой көтерген кәсіпкерлік нысан 32 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Жанармай құятын кешенде сапалы бензин, дизельдік отын мен газ құюдан бөлек, күнделікті сұраныстағы тауарлары бар тұтастай Express Market, келушілерге ыстық және салқын сусын, жаңа піскен өнімдер ұсынатын жайлы кафе аумағы жұмыс істейді.
Кәсіпкер бұндай үлгідегі жанармай құю бекеттерін алдағы уақытта Қызылорда қаласының 5 нүктесінен ашуды жоспарлауда.