Білім министрлігі: Студенттік жатақхана құрылысы жоспардан асыра орындалып келеді
Kyzylorda-news.kz. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова студенттік жатақханаларды құрылысына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша берілген тапсырманы орындау деңгейі 186 пайызға қамтамасыз етілді. Жоспар бойынша 5 мың орын тапсырылу керек болса, жатақханаларда 9166 жаңа орынды пайдалануға бердік. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында 2022 жылдың соңына дейін 75 мыңнан кем емес орынға арналған жаңа студенттік жатақхана салу тапсырылған еді», - деді вице-министр.
Осы орайда ол аталған бастаманы іске асыру бойынша арнаулы құрылысты қамти отырып, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестікті пайдалану тұрғысында шаралар кешені қарастырылғанын еске салды.
«Аталған мақсатты шешу үшін жатақхана құрылысын кезең-кезеңмен жүргізу ескерілген. Жоспар бойынша 2019 жылы 5 мың орыннан, 2020 жылы 20 мың орыннан, ал 2021 жылы 45 мың орыннан кем емес болды. Осы арқылы 2022 жылы біз осы мақсатты толықтай орындауға тиістіміз, яғни 75 мың орын пайдалануға беріледі. Бастаманы жүзеге асыру басталғалы 34 нысан тапсырылды, бұл өз кезегінде жатақханаларда 9 166 орынды құрады», - деп нақтылады Бибігүл Асылова.