Антына адал полицей қыз
Kyzylorda-news.kz. Тәртіп сақшылары арасында ер азаматтарға тән қызметті абыроймен алып жүрген нәзік жандар баршылық. Олар ерлермен қатар елдің тыныштығын күзетіп жүр. Солардың бірі – аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ұлбосын Ахметова.
Ұлбосын полиция қызметкері болуды өзі таңдаған. Оқу орнын бітірген соң осы салаға қызметке келген. Биылғы жылдың ақпан айына дейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспектор қызметін атқарған Ұлбосын Жақсылыққызын өз ісінің шебері деуге болады. Сонау 2005 жылдан бері осы салада жүрген полицей қыз еңбек өтілінде көптеген қиындық пен сынақтан өткен.
«Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмады. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Түнде де жастарды бақылап, көшедегі тәртіпті күзетіп рейдтерге шығып тұрамыз. Арасында түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайлар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы салаға келгеніме 15 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өттім. Әйел заты болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлаймын. Сондықтан да, ерлермен қатар қиындық болса да төзуге тырысамыз. Өйткені, бұл менің қызметім. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруға тиіспін», – дейді Ұлбосын Ахметова.
Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Ұлбосын да ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай жетістіктерге де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен де көрініп жүр. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана.