Қызылордада жоғалған балықшы табылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер жергілікті тұрғындармен бірлескен жұмысының арқасында жоғалған балықшыны тапты.
Ағымдағы жылдың 6 наурыз күні Шиелі ауданының тұрғыны кезекші бөліміне өз танысын іздестіру туралы арыз түсірген. Онда 5 наурыз күні кешкі сағат 17:00 уақыт шамасында Қызылорда қаласынан Жезқазған тас жолымен шамамен 60-70 шақырымында орналасқан Телікөл көліне балық аулауға кеткен азамат Қызылорда қаласына қарай жаяулатып кеткені, осы уақытқа дейін үйіне оралмағандығы жөнінде көрсеткен.
«Туысқандарының ұсынған фотосы, мәліметтеріне сәйкес бағыт-бағдар жасалып, кешенді іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шараларын тез арада жүргізу қажет болғандықтан, жоғалған азаматты анықтау мақсатында Төтенше жағдай департаменті, волонтерлар, тұрғындардың көмегін алуға шешім қабылданды», - делінген Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция қызметкерлері тұрғындармен бірлескен іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жоғалып кеткен азаматтың қайда екендігі 12 наурыз күні анықталды. Іс-шаралар нәтижесінде Шиелі ауданы, Балаби ауылының тұрғыны Бақытжан Палымбетов Сұлутөбе ауылына қарасты Барша көлінің аумағында бір орыс азаматты көргендігі жайлы ұялы хабар берген.
Полиция қызметкерлері және тұрғындардың арқасында жоғалған тұрғын үйіне оралды. Оның денсаулығында ешқандай қауіп жоқ.