Қызылордалық волонтер жастар тегін медициналық маскалар таратты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған волонтерлық топ қала орталығындағы базарлар мен сауда орындарында және теміржол вокзалы мен автовокзалда тегін медициналық маскалар таратты.
Бұл бетперделерді демеуші ретінде қаладағы "Dalatex" ЖШС ұсынған. «Ажар сити» сауда орталығы да өз тұтынушыларына тегін медициналық бетперделер үлестірді.
Сонымен қатар облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы санитарлық талаптарды сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қала көшелері мен халық көп шоғырланатын орындарда арнайы жабдықталған автокөліктегі дыбыс күшейткіш құралдары арқылы қауіпсіздік шараларын сақтау, төтенше жағдай кезіндегі талаптар мен жауапкершіліктер туралы хабарландырулар жасады.
Айта кету керек, қалалық жедел штаб 16 наурыздан бастап, көңіл көтеру орындары, мейрамханалар, дәмханалар және өзге де қоғамдық орындарда түнгі рейд жұмыстарын күнделікті жүргізуде.
Бүгінгі күнге дейін, рейд жұмыстарының нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимін бұзу” дерегімен Қызылорда қаласы бойынша 19 хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды және 14-не қатысты сот шешімі шығарылды.
Оның, ішінде 12 кафе-ресторан иелеріне 10 АЕК айыппұл салынса, талапқа бағынбаған 1 кәсіпкер 5 тәулікке, 1 кәсіпкер 7 тәулікке қамауға алынған.