Бибінұр Өткелбай: «Сыр елінің жігіттерін азаматтық қасиеттерінің сыналар сәті – арнаулы жиындарға қатысуға шақырамын!»

Бүгінгі таңда әлемді дүрліктірген қауіпті індет біздің елге де жетті. Өкінішке орай, Сыр елінде де жерлестеріміз бұл науқасқа шалдыққаны анықталды.
Қазіргі таңда еліміз осы қауіпті дертпен күресуде. Мемлекет басшысынан бастап, ақ халатты абзал жан – дәрігерлер, полицейлер, әскери қызметкерлер жан алысып, жан берісіп жатыр. Күн сайын қаншама өмірлерді аман сақтап қалу үшін қолдарын келгендерін жасауда.
Кеше, яғни, 2 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шара, ең алдымен, еліміздегі қиын-қыстау кезеңде, карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Төтенше жағдай режимін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажеттігін мәлімдеді.
Мен, нәзік жанды азаматша болсам да, Мемлекет басшысының бұл жарлығын қуана қабылдадым. Себебі, осындай қиын-қыстау кезеңде елімізге ауызбіршілік, бірлік, сосын бәріміз бір бағытқа жұмылуымыз керек.
Міне, осы бағытты Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындап берді.
Еліміздегі әскери міндетті азаматтар дезинфекциялау жұмыстарын атқаруға, елді мекендерде және бекеттерде құқықтық тәртіпті күзетуге шақырылып отыр.
Бұл – Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерімізді сан ғасырлар бойы жаудан қорғаған батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарына беріліп отырған зор мүмкіндік.
Анығын айтқанда, олар бейбіт өмірде, бірақ, еліміздегі Төтенше жағдай кезінде онымен күресіп жатқан адамдармен бір сапта болып, Қазақстан үшін бәріне дайын екендігін көрсетуі керек!
Дәл осы сәт – ерлеріміздің азаматтық қасиеттері, жігіттігі сыналар сәт!
Егемендіктің арқасында аяғымызды алшаң басып, тыныш өмірге үйренгенбіз. Тіпті менің замандастарым елдің қысылтаяң жағдайын көрген де емес. Ержеткен әрбір азаматтың міндеті – әскери борышын өтеу.
Бірақ әскерге бармаудың сан сылтауын іздеп жүрген замандастарым да баршылық. Жоғарыда айтқанымдай, ата-бабаларымыз әскерден емес жаудың алдынан да тайсалмады. Әкелеріміз шетел асып, жылдап әскерге барды.
Құрметті Сыр елінің жігіттері!
Мемлекет сіздердің көмектеріңізге арқа сүйеуге шақырды. Ендеше бейбіт күнде, қарусыз, барлық жағдайларыңызды қамтыған үйден қатынап жүріп мемлекет алдындағы борыштарыңызды өтеңіздер!
«Мемлекет маған не береді деп емес, мен еліме не беремін!» деген сөз құр ҰРАН болып қалмайды дем сенемін!
Баршаңызды «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлыққа құлақ асып, елімізге қамқор болуға шақырамын!
Бибінұр ӨТКЕЛБАЙ,
«Чемпион» шахмат клубыынң жетекшісі.
«Чемпион» шахмат клубыынң жетекшісі.