Қызылордалық ғалымдар жоңышқаның жаңа сортын шығарды
Kyzylorda-news.kz. Жоңышқа дақылын білерсіз. Мал азықтық. Жақсылап күтіп баптасаңыз 4-5 рет орып аласыз. Әрине, жүйелі талаптарын ескерсеңіз болғаны. Ал сіз қарапайым жоңышқадан 1 рет орып алғанда 3 есе өнім алуға болатын сортты білесіз бе?
Демек, 1 орсаңыз 3 рет орым жасағандай боласыз. Ия ондай кереметте болады екен. Бойының ұзындығына, ірілігіне байланысты түйежоңышқа дейді. Бұл таңғажайып түйежоңышқаның Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жаңа сортын шығарды. Ұзақ жылдар бойы ғылыми ізденістің нәтижесінде малазықтық дақылдардың қатары жаңа сортпен толықты. Жаңа түйежоңышқа сортының атауы – Алаула.
Нақты сандық деректер не дейді? Күріш ауыспалы егістігі өнімділігін шамамен 20-30%-ға көбейтеді, сондай-ақ топырақ құрылымын жақсартады. Топырақ құнарлылығын арттырады. Кеш пісетін, жоғары өнімді «Алаула» сорты конкурстық сортсынақта шөп пен тұқымдардың орташа жылдық өнімі Ақбас стандартынан тиісінше 18-22%-ға асып түсті. Бұл ретте жаңа сорттағы абсолютті құрғақ заттың шығуы 86,6-98,3 ц/га шөп және 6,0-7,6 ц/га тұқым болды. Қазақстанның күріш ауыспалы егісінде егуге ұсынылатын бірден-бір сорт топырақтың тұздануына төзімді, кумарині жоқ. «Алаула» сорты жасыл массаның өнімділігі 650-700 ц/га, тұқым 7-8 ц/га болса, сәйкесінше жоңышқада өнімділік 250-300 ц/га, тұқым 1,0-1,5 ц/га. Өзіңіз салыстырып көріңіз.
Ол аз десеңіз, құрғақ массадағы ақуыздың мөлшері 10,15% май – 4,04%, бұл жоңышқаға қарағанда 1,32% және 0,06% көп. Сонымен қатар, Алаула сорты екінші реттік тұзданумен күресуде тамаша фитомелиорант және топырақты биологиялық азотпен байытады. Тұқымдарды себу алдында кешенді препараттармен (Фитобацерин, Ризовит-АКС және т.б) өңдеу арқылы түйежоңышқа өнімділігін 70-80%-ға дейін арттырады. Бұл егістікке жұмсалатын шығынды азайтады, яғни 1 га егістіктен 10-12 мың теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сорттың авторлары – Ө. Аймұхамбетов, С. Өмірзақов, Ә. Тоқтамысов, А. Әнәпияева, А. Еспанов.
Өңірімізде бұл сортты көбейту арқылы облыстың жем-шөп базасын қосымша шығынсыз нығайтуға мүмкіндік береді.