Бірі – полицей, бірі – дәрігер: Дәулетовтер отбасы күні-түні қызметте

Арыстанбек Дәулетов – Қызылорда қаласының тумасы. Оның әкесі Қасқырбек Аймағанбетұлы және анасы Мирамкүл Рахмузовна Қызылорда теміржол стансасында көп жылдары еңбек еткен.
«Бала кезімде таңертеңнен бастап анам ыстық бауырсақ қуырып, кең дастарханға жиналатынымыз есімде. Әкем мен анам менің бойымда әрдайым адалдық, ашықтық, жауапкершілік сынды қасиеттердің болуына тәрбиеледі», - дейді Арыстанбек.
Ол 2012 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда қалалық Полиция басқармасында Әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық тобының мемлекеттік автоинспекторы лауазымында жұмыс атқарып келеді. Әскери шені – аға лейтенант.
Сауатты, жауапкершілігі мол қызметкердің әріптестері оның қарапайым, адал, жауапты, қиын сәтте көмекке келуге дайын азамат екендігін айтады. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте марапатталып та үлгерген.
Жұбайы Арманова Аидамен 2013 жылы отау құрған. Аида – Облыстық медицина орталығының дәрігері. Екеуі Бейбарыс пен Әлихан атты ұл тәрбиелеп отырған берекелі отбасы.
«Мен қызметке келгенімде отбасылы едім, екінші балам дүниеге келген еді. Сондықтан полиция қызметінің жауапты және ауыр екенін сезініп қызметке тұрдым. Менің ұлдарым – менің өмірімнің мәні, шаршағанда көңілімді аулайтын демеушілерім. Менің ізбасарларым осылар. Үлкені Бейбарыс 5 жаста. Онымен сөйлесу, ақылдасу өте қызық. Жақсы сурет салып, мені өз жетістіктерімен қуантып отырады. Өзім спортпен шұғылданамын, таңертең жүгіріп, олармен бірге жаттығу жасап, футбол ойнаймыз. Мен ұлдарыма әрдайым үлгі болғым келеді», - қызылордалық полицей.
Елімізде жарияланған Төтенше жағдай режимінде Арыстанбек пен Аида күндіз-түні жұмыста. Отағасы патрульдік бекетте тынымсыз қызмет етсе, ал жұбайы Аида медициналық қызметкер болған соң шұғыл шақыртуларда жүреді. Мұндай уақытта балаларға әжесі қарап, оларға көмектесетін көрінеді.
«Екеуміз де жауапты қызметтеміз. Солай бола тұра отбасымызды екінші кезекке қойған емеспіз. Әлемде жайылған қауіпті індет тезірек ауыздықталып, бұрынғы мамыражай өмірге тезірек оралсақ екен», – дейді олар.

