Жасқанат Пазылбек: «Жәрдемақыны дер кезінде алғаныма қуанамын»
Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни, 42500 теңге көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырғаны белгілі. Осының арқасында көптеген тұрғындар мемлекет қолдауына ие болғаны айтпаса да түсінікті.
Еліміздегі төтенше жағдай кезінде табысынан айрылып, осындай жәрдемақыға ие болған азаматтардың бірі – қызылордалық Жасқанат Пазылбек.
27 жастағы Жасқанат – Тасбөгет кентінде тұрады. Ол Қызылорда қаласындағы «Заря Востока» атты мейрамханада әкімші болып жұмыс жасайды.
«Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты карантин режимі жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты «облыстағы кафе, мейрамханалардың жұмысы тоқтатылсын» деген арнайы қаулы шықты. Осыған орай, біз бір күнде табысымыздан айрылып шыға келдік. Бірақ, біз жұмыс жасайтын мейрамхана басшысы бізге бұдан қорықпау керектігін жеткізді. Мемлекет тарапынан 42500 теңге көлемінде жәрдемақы берілетінін айтып, құжаттарымызды дайындауды тапсырды», – дейді ол.
Осылайша, Жасқанат және оның әріптестері ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақыға құжат тапсырған. Арада 2 күн өткенде оның ұялы телефонына 42500 теңге жәрдемақы түскендігі туралы хабарлама келіпті.
Ал, Жасқанат бұл жәрдемақыға азық-түлік алыпты.
«Біз отбасында 6 адам тұрамыз. Жәрдемақы түскен күні дүкенге бардым да үйге қажетті азық-түлік алдым. Себебі, базарлар мен дүкендердің де жұмыс уақыты шектеліп жатты. Тасбөгеттен қала орталығына шығуға арнайы рұқсаты бар көліктер ғана шығатын болды. Осыны ойладым да анаммен ақылдаса отырып, ең бірінші қажетті азық-түлік алуға шешім қабылдадық. Қазір отбасымызбен азық-түліктен қысылып жатқан жоқпыз. Бастысы, аталған жәрдемақыны дер кезінде алғаныма қуанамын. Мемлекет басшысы мен үкіметке алғысымыз шексіз», – дейді Жасқанат бізбен әңгімесінде.
Оның айтуынша, Жасқанаттан бөлек мейрамханада жұмыс жасайтын тағы табысынан айрылған 10 әріптесі осы жәрдемақыға қол жеткізіпті.