Қызылордалық полицейлер мен Ұлттық ұлан сарбаздары тұрғындарды өрттен құтқарды
Kyzylorda-news.kz. 19 сәуір күні сағат 16:00 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының инспекторы полиция лейтенанты Нұрлан Қарлыбаев және ҚР ІІМ-нің №5547 әскери бөліміндегі Ұлттық ұлан сарбаздары қатардағы Кирилл Лосицкий мен Нияз Дәулет қызмет атқару барысында Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2 қабатындағы балконнан қалың түтінді байқайды.
Олар шұғыл қызметке хабарлап, дереу пәтерге кіріп, тұрғындарды балаларымен бірге қауіпсіз жерге шығарады.
Сонан соң, өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндіруге кірісті. Полиция қызметкерлері мен сарбаздардың жедел шешім қабылдауының арқасында өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Мән-жайларды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайлары анықталуда.
Үй тұрғындары болса, ойланбастан көмекке келіп, оларды аман алып қалған тәртіп сақшылары мен сарбаздарға алғыстарын жаудырды.