Қызылордалық құтқарушылар Мақтаарал өңіріне аттанды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық құтқарушылар Түркістан облысындағы топан су басқан Мақтаарал өңіріне көмекке аттанды.
Қызылордалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары осылайша түркістандық әріптестеріне қол ұшын созады. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов және өрт сөндіру қызметінің бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов басшылық жасайтын болады. Одан бөлек облыс гарнизонынан өрт сөндірушілер де оңтүстік аймаққа құрал-саймандармен және қосалқы мүліктермен жолға шықты. Топтың автономды түрде жұмыс жүргізу үшін 14 тәулікке негізделген азық-түлік және жанар-жағармай қоры тағы бар.
«Бүгінде департамент басшылығы су тасқыны қаупі бар аймақдағы әріптестерімен тығыз байланыста отыр. Олардың мәлімдемесі бойынша, жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі мемлекеттік органдар су тасқынын болдырмауға және халыққа көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіп жатыр. Мақтарал өңіріне төтенше жағдайлар департаментінің 45 қызметкері 7 автокөлік пен 10 су сору мотопомпа мен 4 моторлы қайықпен аттанып кетті», - деп мәлім етті Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі.