4 маусым: Атаулы күндер мен оқиғалар
1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.
Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы - екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі. 1992 жылы республикамызда әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.
Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік рәміздер күні - Қазақстандағы жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.
1943 жылы Қазақ КСР-нің алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жазуға байқау жарияланды. Әнұран сөзі бойынша өткізілген байқауда 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың мәтіні таңдалып алынса, сол кезде 30 жаста болған композитор Мұқан Төлебаев жас ақынның сөзіне тамаша ән жазды. 1944 жылы қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Әлия (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты) Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925-1944) - Совет Одағының батыры, снайпер, ефрейтор.
1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектеп (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалдық музей жұмыс жасайды.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалауы туралы»,
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы»,
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енді.
ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары - Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов. 2006 жылғы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының әнұраны болып бекітілді.