ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынгы қазақ халқына арналған жаңа Жолдауының мән-мазмұны ерекше. Биылғы «Төртінші революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктері» атты жолдауының негізгі міндеттерін еліміздің барлық облыс, аудан-аймақ тұрғындары белсенді түрде қолдау танытуда.
Осындай шара Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылындағы №74 орта мектеп ұстаздары арасында да қызу талқыға түсіп, нақты істерге мән берілді. Мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Ғ.Шалбаев Елбасы жолдауын толық таныстырып өткен соң, ұстаздар қауымы өз ойларын ортаға салды.
Химия-биология пәнінің мұғалімі Т.Сүйеубаевтың айтуынша, бұл жолдаудың маңызы ерекше. Мысалы, цифрлы Қазақстанды қалыптастыру дегеніміз-қол еңбегінің күшін автоматтарға айырбастау деген сөз. Ауылшаруашылығын автоматтандырса өндірістік қарқында күшейеді. Одан кейінгі өзекті мәселе-кадр таңдау. Таңдалған кадр ары таза, адамгершілігі мол, рухани жағынан жан-жақты жетілген, білімді, өз ісінің шебері болуы керек. Тағы бір мәселе, мұғалімдердің біліктілігін халықаралық деңгейдегі ұлттық біліктілікті бақылау тесті арқылы анықтау. Осы тестке біз қазірден бастап дайындалуымыз қажет.
Осыған қоса мектеп психологы Ж.Төлебаев, мұғалімдер Е.Нұржанов, Ж.Исаева. Б.Қуанышбаев, М.Базарбаев т.б. жолдауға қатысты өз ойларын білдіріп, орындалуына әр сала қызметкері атсалысу керек деген пікірлерін жеткізді.
«Айта кету керек, бұл Елбасымыздың 18-ші Жолдауы. Осы аталған 10 бағыт бойынша мақсат-міндеттер толық жүзеге асуы үшін Қазақстан халқы бір ауыздан қолдау білдіріп жатыр. Республикамыздың ұстанған бағыты айқын»,-дейді мектеп ұстаздары.
Жиын соңында мектеп басшысы Р.Елдесбаев «Төртінші революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктері» атты жолдаудың маңызын арттыру барысында ата-аналар мен сынып тәрбие сағаттарында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, жолдауда айтылған маңызды қадамдарды жалпы мектепішілік іс-шара жоспарына кіріктіруге мектеп әкімшілі мен ұстаздарға тапсырма берді.
Б. ҚОЖАСОВ.
Арал ауданы. Жаңақұрылыс ауылы.
№74 орта мектептің қазақ тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі