ІІМ заңсыз сақтаудағы қаруды сатып алу акциясын онлайн өткізеді
Kyzylorda-news.kz.Бүгіннен бастап республика аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акция басталады.
«Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешімімен 10-нан 100 АЕК-ке дейінгі төлем көзделген. Сыйақы төлемі қару-жарақ заттарын тапсырған адамдардың шотына аудару арқылы жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылудан босатылады», - делінген ақпаратта.
Елде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты қару-жарақты ерікті түрде тапсыру үшін полиция органдарына барудың қажеті жоқ. Азаматтар Полиция департаменттерінің сайтында көрсетілген «қауырт желі» телефондарына немесе «102» номеріне хабарласса жеткілікті. Қаруды ішкі істер органдарының қызметкерлері өтініш берушінің мекенжайына барып қабылдап алатын болады.
«Бұрын қабылдап алу аумақтық полиция органдарында жүргізілген болатын. Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерді тауып алған жағдайда олармен қандай да бір іс-әрекет жасамай, тек полиция бөлімшесінің көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлау қажет», - деді полициядан.
Халықтан заңсыз сақтаудағы атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 51 мыңнан астам қару және иір ойықты қарудың 2 млн патроны сатып алынды. Бұл ретте, атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстар үш есеге (2012ж. 694-тен 2019ж. 238-ге дейін) төмендеген.