ЕЛДІ МЕКЕНГЕ СУДАН ҚАУІП ЖОҚ
Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Қалжан ахун ауылынан оңтүстік–батыс аумағында орналасқан «Әсет» учаскесінің тұсында Сырдария өзеніндегі мұз буып, қорғаныс бөгетінің қызметін атқарып тұрған «Аласиыр» каналынан ұзындығы 1,3 шақырым дамба 5 жерден бұзылған. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай 27-29 қаңтар күндері аралығында орын алған. Бүгінде Қалжан ахун елді мекеніне қарасты 7300 гектар жердің 1800 гектар жеріне су жайылып, оның ішінде 709 гектары егістік алқабын алып кеткен.
Осыған байланысты, 2018 жылдың 2 ақпанынан бастап Сырдария ауданы әкімінің «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімі қабылданып, төтенше жағдай жарияланған.
Аудан көлемінде төтенше жағдай жариялануына байланысты күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшіріліп отыр. Дербес бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері, меншік түріне қарамастан мекеме басшылары аудан аумағынан рұқсатсыз шығуға болмайтындығын қатаң түрде ескертілді.
Айта кетейік, төтенше жағдайлардың алдын-алу және қорғаныс бөгетінің бұзылған жерін күшейту-нығайту жұмыстарын жүргізу мақсатында «Углесбыт» ЖШС–нен 6 дана арнайы техника бөлінген. Сондай-ақ, 2018 жылғы 6 ақпанынан бастап «Бақ-Береке» ЖШС-нен қосымша 9 дана арнайы техника жұмыс жасауда.
Фариза ОМАРОВА