Қызылорда: Шомылу маусымы аяқталды
Kyzylorda-news.kz. Аймақта жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 30 оқиға тіркеліп, 33 адам қайтыс болды. Оның 11-і бала.
Бұл туралы Өңірлік коммуникаицялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев баяндады.
«Өткен аптада 2 қайғылы оқиға тіркеліп, шомылуға арналмаған аймаққа суға түскен азаматтардың денесі табылып, судан шығарылды. Суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де қайғылы жағдайдың көбеюіне әкелуде. Сондай-ақ, бүгіннен бастап шомылу маусымы аяқталса да, су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса, күз айларында да балықшылардың балық аулайтыны белгілі. Сол себепті қызметкерлер күн сайын балықшылар отыратын орындарды аралауға шығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болады. Яғни, құтқарушылар шомылу ережелерін, демалыс кезінде суда қауіпсіз жүру және қайықтан балық аулау туралы ескертеді»,-деді Саид Шазындаұлы.