Қазақстан халқы тілдері күні Қызылордада қалай аталып өтпек?
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін атап өтудің іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында мекемелер мен ұйымдарда тілдер күніне арналған түрлі шаралар және тіл жанашырларын марапаттау рәсімдері ұйымдастырылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.
«Ахмет Байтұрсынұлы өмір есігін ашқан қыркүйек айының бесі -Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді. Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Осыған орай Қызылорда қаласы мен аудандарда оқиғалар тізбесі қалыптастырылып, мерекелік шаралар карантин талаптарын сақтай отырып өткізілетін болады. Атап айтқанда, оқушылар арасында «Тіл мерейі, ел мерейі» облыстық онлайн мәнерлеп оқу байқауы, «Шешеннің тілі – шебердің бізі» атты қашықтықтан облыстық полиглоттар байқауы, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «1001 мақал, 101 жұмбақ» интеллектуалдық онлайн сайысы мен «Тілдер әлеміне саяхат» зияткерлік ойыны, ересек тіл үйренушілер арасында «Туған тілге төрден орын берейік!» атты онлайн марафоны, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты үш тілде өлең оқу челленджі және «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік онлайн концерті өткізіледі» – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, өткізілген шаралар әлеуметтік желілерде #5QYRKÚIEK #TİLMEREKESİ хэштегтерімен кеңінен ақпараттандырылады.