МАРАПАТ МӘРЕСІНДЕ ЕГІНШІЛЕР
Қазалы ауданы Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» серіктестігі қамбаны астыққа толтырып, биыл өнімнің ойдағыдай жиналуына ерінбей еңбек еткен егіншілерді марапаттады.
Жомарттық пен қайырымдылықты, ынтымақ пен еңбексүйгіштікті көрсететін еңбек мерекесі – сабан тойды тойлаған еңбеккерлер таң азанмен қырман басына жиналды. Егін бітік шығып, қырманын қызылдап, оны төкпей-шашпай, суыққа ұрындырмай мезгілінде жинап алған олардың қуанышын да шек жоқ. Тойға жиналған ауыл тұрғындары да дән риза. Кең дастархан жайылып, әсем ән ауыл аспанында асқақтады
Қауырт жұмыстан қолдары қалт етіп, арқасын кеңге салған серіктестік ұжымын ауылдық округтің бас маманы Дархан Қанайұлы, ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қуаңбай Рахатұлы, «Агро-Өркен» серіктестігінің директоры Мұса Әлиев құттықтады. Еңбек ардагері Бердібай Есқожаев кәсібінен береке тауып отырған балаларына ниеттес ағайынға алғысын айтты.
Бұл күні алғыс арқаламаған, марапат мәресінен көрінбеген еңбеккер қалмады.
Серіктестіктің инвесторы жеке кәсіпкер, «Мерей» күріш ақтау зауытының директоры Мерей Есқожаев дала еңбеккерлерінің еңбегін ерекше атап өтіп, «Биыл өнім жақсы шықты. Жер ана берген ырзықты жауын-шашынға қалмай жұдырықтай жұмыла жүріп жинап алдық. «Егінші жылда арманда» дейді. Бұл бір жылдың емес бірнеше жылдық төгілген тердің нәтижесі. Ала жаздай табиғаттың түрлі мінезіне қарамастан егіс басында ерте тұрып, кеш жатқан барша агро-өркендіктерді құттықтаймын. Еңбек ескерусіз қалмайды. Әрдайым еңбектеріңіз жансын» деп, лебізін арнады.
Биылғы жылдың қорытындысымен Аманкелді Шайықов бірінші, Нұрлан Кәрібаев екінші, Айтбай Махмұтов үшінші дәрежелі озат егінші, Аралбек Умадатов бірінші, Жеткер Ізтілеу екінші, Темірбай Өтегенов үшінші дәрежелі озат механизатор номинациясымен марапатталды.
Есқожаевтар отбасы атынан шаруашылық құрылғалы бері тынбай еңбек етіп келе жатқан үлгілі, үздік егінші Кеңес Шайыққа «Нива», үздік механизатор Жеңіс Қошқарбаевқа «Лада приора» жеңіл автокөлігінің кілті табысталды. Сондай-ақ, бұл күні ардагерлерге де құрмет көрсетілді.
Ауыл өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, тойдың сәнін келтірді. Мектеп оқушысы Аманкелді Тоқтар Бердібай Есқожаевтың «Қызу еңбек даламда» атты жыр шумақтарын оқысы, жас таланттар Нұрәділ Қожахмет пен Аида Елтай төгілітіп терме орындап, тыңдармандардың көзайымына айналды.
Жиналған көпшілік дастархан басына жайғасып, биылғы күріштің дәмін татты. Ақсақалдар бата беріп, агро-өркендіктердің өркені өсіп, мерейі таси берсін деген ақ ниетте тарқасты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА