Қызылорда облысы есірткі өсіруден көш бастап тұр
Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері республика бойынша 100 келіге жуық синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Тілеген Мәткенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, биыл тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы сомасы бір миллиард теңгеден асып отыр. Былтыр оның көлемі небәрі екі келі ғана болған.
«Қызылорда, Түркістан және Қарағанды облыстарында қарасора өсірілген 62 плантация жойылды. Соның ішінде салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың қарасора бұталары тәркіленіп, жойылды. Есірткі өсіру бойынша Қызылорда облысы көш бастап тұр. Мұнда 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам есірткі өсімдіктері тәркіленді», – дейді Тілеген Маткенов.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері синтетикалық есірткіге қатысты 650 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Соның ішінде осы заттарды сатудың 238 фактісі бар. Ескірткіні таратуға арналған 850-ден астам сайт бұғатталды.
«Қазіргі кезде заңсыз есірткі заттары айналымы саласында электронды әмияндарды пайдалануға жол бермеу бойынша тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Осы қараша айында ішкі істер министрлігі мен ұлттық банк әзірлеген заң нормалары күшіне енеді. Оған сәйкес, анонимді қолданушыларға ақша аударуға тыйым салынады», – дейді Мәткенов.