Қызылордада жол салу жұмыстары қарқынды
Kyzylorda-news.kz. Қала әкімінің бастамасымен жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі 2020 жылы 2 есеге ұлғайтылған болатын.
Нәтижесінде жыл көлемінде басты назар аударып отырған барлығы 260 жол салынуда. Оның 210 орташа жөндеуден өтсе, 50 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен қатар, 68 жаяу жүргінші жолы да бар.
Бүгінде қаланың Әл-Фараби, Титов, Гагарин, Шанхай, Коммунизм, КБИ мөлтек аудандарында осы игілікті істер жүйелі жалғасын тапқан.
Тас-топырақ жол қабаттарын төсеп, оны түп түзу етіп тегістеу сатысынан өткеннен кейін асфальт қабатын төсеу жұмыстары бастау алады. Айтқанда оңай көрінетін бұл жұмыстар іс жүзінде әлде қайда ауыр.
Мәселен, асфальт жол төсеудің негізін салу, яғни құм төсеп, оны тегістеу жұмыстары Әл-Фараби ауданындағы Көктем көшесінде басталды. Ұзындығы 2,0 шақырым болатын бұл көшеде «Қызылорда жолдары» ЖШС Самал көшесінен Қызылжарма каналына дейін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Жол төсеудің келесі сатысы, Әл-Фараби ауданындағы Әшірбеков көшесінде жүргізілуде. Яғни, ұзындығы 3,5 шақырым болатын аталған көшеге тас төсеу жұмыстарын бастаған «РБ-Строй» мекемесі Сағымбаев көшесінен Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралыққа асфальт жолын төсемек.
«Арай» тұрғын ауданындағы Жахаев көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстарының қорытынды сатысы, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 0,48 шақырым болатын бұл көшедегі жұмыстарды «Ақнұр-Авто» мердігер мекемесі атқаруда.
Жөндеуден өтіп жатқан көшелерге жолыңыз түссе, қала тұрғындарының игілігі үшін жөндеу жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз, – деген қала тұрғындарын жиі кезіктіруге болады.
Бұл игі істердің легі «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы шеңберінде атқарылуда.