Полиция департаментінің бастығы қызмет бабында ерекшеленген сақшыларды марапаттады
Kyzylorda-news.kz. Қазақ елінің ұлық мерекесі қарсаңында халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері марапатталды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаев арнайы құттықтау жедел хаты оқылды.
Министр бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген 31 қызметкер марапатталса, Департамент бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтанның бұйрығымен 33 ардагер мен 69 қызметкерге марапаттар мен жаңа шендері табыс етілді.
Атап айтқанда, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Полиция департаментінің Штаб – басқармасы кезекші бөлімі бастығының көмекшісі жедел кезекшісі полиция подполковнигі Утепбергенов Жолдас, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жаңақорған ауданы полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция майоры Пазылов Шыңғыс марапатталды.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, қызмет атқарудың ерекше режимі кезеңінде шектеу шараларының сақталуын бақылау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастырған 1513 полиция қызметкері бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сыйақымен марапатталды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен 165 қызметкердің және департамент бастығының бұйрығымен 117 қызметкердің тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынды.
Бюджет қаражатын үнемдеу есебінен департаменттің мемлекеттік және азаматық 270 қызметшілеріне сыйақы берілді.
«Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Көк байрағы желбіреген, бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын!
Полиция қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін биік қойып, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек етіп, алдыңғы шепте жүреді. Осынау мерекелік күнде барлық қызметкерлерге мінсіз қызмет атқарғандары үшін алғыс айта отырып, еңбектеріне табыс, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін!» деді Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.
Марапаттау рәсімі аяқталысымен тәртіп сақшылары жұмыстарына кірісті. Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс жасайды.