Қызылордада қорғаныс бөгеттері жөнделуде
Kyzylorda-news.kz. Облыста Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеттерінің 5 учаскесі жөнделеді. Қазір екеуінде жұмыс басталып кетті. Қалған үшеуі қалпына келтіріліп, 2 гидротехникалық құрылғы орнатылатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев мәлімдеді.
Ақпан айының ортасынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі азайды. Бүгінде секундына 300 текше метрді құраса, оның 200 текше метрін Көксарай су реттегіші алуда. Облыс аумағына секундына 100 текше метр су келуде. Ал өзендегі мұздың қалыңдығы әртүрлі.
«Сырдария өзенінің арнасында толығымен мұз ұстасты. Мұздың қалыңдығы облыстың оңтүстік аудандарында 5-15 см, ал солтүстік аудандарында 35-55 см құрап отыр. Қазір мұз Шиелі ауданының Қызылбайыр учаскесі тұсында. Судың жылжуы әрине ауа-райына байланысты. Қаланың тұсына шамамен наурыз айының ортасында келеді деп болжап отырмыз», – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Сала мамандары, қауіптің орын алуы дариядағы судың мөлшеріне байланысты еместігін айтуда. Сондықтан зен бойы үнемі бақылануда.
«Осыған дейін үш рет дария бойындағы қауіпті учаскелер тікұшақпен әуеге ұшу арқылы тексерілді. Бұдан бөлек, барлық учаскеге бекітілген мамандар жұмыс жасауда. Мәселен, өзен бойындағы қауіпті учаскелерге 130 мекеме, 402 арнайы техника бекітілген. Одан бөлек, қауіп төне қалған жағдайда су тасқынына қарсы 1 081 адам, 361 бірлік техника, 75 бірлік мотопомпа бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайын тұр. Жалпы облыстың су шаруашылығы жағдайы бірқалыпты және бақылауда», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.
Су тасқынына қарсы қажетті 68,6 тонна жанар жағар май, 154 590 дана қаптар және басқа да материалдар қоры дайын. Сондай-ақ, 84 эвакуациялық жинақтау және 103 эвакуациялық қабылдау пункті әзірленген.
«Апат айтып келмейді. Сондықтан сақтық шараларына аса мән береміз. Бізде тікұшақ, суда, жолда жүруге арналған барлық техникалар дайын. Үнемі оқу-жаттағу жасап, тексеріп тұрмыз. Қауіп орын алғанда бірінші қандай әрекет жасау қажеттігін Сырдария өзеніне жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына түсіндірудеміз», – деді облыстық ТЖД бөлім бастығы Ғалымжан Әшімов.