Қызылорда: 47 мектепте қауіпсіздік шараларын түсіндіруге байланысты онлайн сабақ өткізілді
Kyzylorda-news.kz. Өңірде Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай «Ұлттық экономиканы сақтау үшін мықты азаматтық қорғаныс» ұранымен ТЖД-нің іс-шаралары өтуде. Мұндағы мақсат – халықты апаттар мен авариялық жағдайда өздерін қорғауға үйрету.
Мәселен, 15 ақпаннан бастап білім ұйымдарында «Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» байқауы өтті. Сондай-ақ, 47 мектепте қауіпсіздік шараларын түсіндіруге байланысты онлайн сабақ ұйымдастырылды. Оған 1389 оқушы мен 156 мұғалім қатысты. Сонымен қатар, білім басқармасымен ұйымдастырылған байқауда құтқарушылар арасында «Донорлық….өмірді құтқару» қан тапсыру акциясы жарияланған. Нәтижесі бүгін шықпақ.
«Біз үшін тұрғындардың амандығы бірінші орында. Шыны керек, қазір қоғамда өрт, газдан иіс тию, суға кету секілді түрлі апатты жағдайлар жоқ емес. Біз осынау жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында біршама жоспарларды іске асырмақпыз. Халық арасында бүгінде үгіт-насихат жұмыстары басталып, білім ұйымдарында түрлі деңгейде жарыстар мен дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Алғашқы әскери дайындық» және «Тыныс-тіршілік қауіпсіздігі негіздері» пәндері бойынша оқу орындарының оқытушыларына онлайн ZOOM қосымшасы арқылы сабақтар өткізілді. Жалпы, аталмыш шаралар тек қаламызда емес, аудандарда да жалғасын табуда», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Айта кетейік, бір айға созылған іс-шаралар жоспарында Азаматтық қорғаныс басқармасы қызметкерлері «АРТ-Тренинг» сурет салу шеберлік сағатын өткізген болатын. Бұған қаламыздың 13 мектебінен 18 оқушы қатысты. Ал арнайы ұйымдастырылған «Ашық есік күнінде» Қызылорда облысының волонтерлар фронт офисының еріктілері мен студенттер, оқушылар өрт сөндіру қызметінің негізі және арнайы техникаларымен танысты.
Жалпы, қауіпті алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстары облыста жыл бойы жалғасатын болады.