Олжас Бектенов: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста болмашы мәселелер болмайды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов департамент жанынан құрылған жобалық кеңселердің жетекшілерімен «Antikor Ortalygy» сервистік орталығында кездесу өткізді.
Кездесу барысында аймақтағы қоғам белсенділері, жастар және мемлекеттік қызметкерлермен бірлесе отырып жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылап, қазіргі таңда қоғамның белсенді қатысуынсыз жемқорлықты азайту мүмкін емес екені аталып өтті.
Кездесуге қатысушылар жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша, оның ішінде қоғамды саяси жаңғырту және демократияландыру тұрғысынан өз пікірлерін білдірді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімді алдын алу, сындарлы әріптестік және белсенді қоғам сынды басымдықтар қазіргі заман талаптарынан туындап отыр. Қазіргі таңда жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу негізге алынғанын атап өтемін. Бұл ретте азаматтық қоғам тарапынан ауқымды қолдаудың маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста ыңғайсыз серіктестер мен болмашы мәселелер болмайды. Осыған орай, біз үшін өзекті мәселе жайлы ашық айтатын, сындарлы шешімдер ұсынуға дайын және бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын кез-келген азамат маңызды», – деді Олжас Бектенов.