Жаңақорғанда қалың қардан 50 уақ мал қырылды
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғанда қойшылардың қар астында шамамен 50-ге жуық малы қалып қойды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
«Тау беткейінде орналасқан Сүттіқұдық, Қосүйенкі , Қыраш ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарына тексеріс жұмыстары жүргізілді. Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау гарнизонынан 6 қызметкер, 1 техника, ал аудан әкімдігінен 8 қызметкер , 4 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5383 уақ мал болғандығы анықталды. Алайда бұл нақты сан емес. Бүгінде комиссия құрылды. Алдағы уақытта қосымша ақпарат беретін боламыз», – деді Руслан Сламбекұлы.
«Үстіміздегі жылдың 12,13, наурыз аралығында ауа райы күрт құбылып, 246 шақырымды құрайтын Қызылорда-Түркістан автожолы екі мәрте жабылды. Шиелі, Жаңақорған ауданында 11 техника жұмылдырып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Көлік қозғалысына кедергі жоқ. Апаттық жағдай орын алмады», – деді «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ»АҚ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлыбек Үсенов.