Шиеліде екі бала көлге батып кетті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін жергілікті уақытпен сағат 13-05 шамасында Шиелі кентіндегі «Сүйіндік» көлінде ата-анасының қарауынсыз қалған 2015 жылы туған қыз бала мен 2013 жылы туған ұл бала мұз астына түсіп кеткен.
Оқиға орнына Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Ә.Нұрмантаев пен инженер Н.Мұсахан барған кезде балалардың көл маңында ойнап жүріп, көлге батып кеткені анықталды.
Жергілікті уақытпен сағат 12-55 кезінде ауыл тұрғындарының күшімен мәйіттер судан шығарылған. «Сүйіндік» көліндегі олардың түскен жерінде ені 5 метр, тереңдігі шамамен 1,5 метр, беті 3-4 см мұз қатқан.
Оқыс оқиғаға байланысты, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына ескертеді:
Балаларды бір минутке де қараусыз қалдырмаңыздар, мұзда сақ болыңыздар, қауіпсіздік ережелерін естен шығармаңыздар. Қазіргі карнатин кезінде балалардың үйде болуына байланысты олардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлу қажет.
Балаларға мұзда, өзен-көлдерде, арық пен каналдарда ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. 18 жасқа толмаған балаларға үйден өз бетімен, ересек адамдарсыз шығуға болмайтынын да ескертіңіз.
Оған қоса отпен ойнамауға да кеңес беріп, өрт қауіпсіздігі ережелері туралы әңгімелеп беріңіз. Сіріңке баланың қолы жете бермейтін орындарда сақталғаны дұрыс. Мейілінше электр құралдары токтан ажыратылып, газ плитасының сөніп ұрғанын ұдайы қадағалаңыз. Бұдан басқа үйдегі терезелердің жабық тұрғанын қадағалаған маңызды.
Әрбір адам өз баласының қауіпсіздігі үшін жауап беретінін түсінуге тиіс. Барлық ата-ана және бала қауіпсіздік ережелерімен танысуы шарт. Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмаңыз.