Қызылордада көлге түскен жігіт суға батып кетті
Kyzylorda-news.kz.Қызылорда қаласында 26 жастағы жігіт суға батып кетті.
Оқыс оқиғаны Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі хабарлады.
«Оқиға облыс орталығындағы «ПМК-29» саяжайы аумағындағы Қалғандария көлінде болды. Сол аумақта 7 жігіт бас қосқан. Олардың бірі шомылуға арналмаған аумақта суға түскен. Суға түсу кезінде 1994 жылы туған жігіт жағаға қайта жете алмаған», - делінген хабарламада.
Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметі жедел-құтқару жасағынан 6 құтқарушы қайықпен және арнайы техникамен келді. Іздеу барысында марқұмның денесі оқиға орнынан шамамен 30 метрдей қашықтықтан 2 метр тереңдіктен табылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 17 адам суға кетті. Оның 7-еуі – бала.