Қызылордалық дәрігерлер 10 жасар баланың миына күрделі ота жасады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда көпсалалы балалар ауруханасының дәрігер-нейрохирургтары қызылордалық 10 жасар Даниял Қуанышұлының миына күрделі ота жасады.
Дәрігерлер E.Dowling заманауи әдісі бойынша баланың миындағы 10-11 сантиметр көлеміндегі эхинококко кистасын алды.
Баланың анасы Гүлназ Жүндібаеваның айтуынша, ұлының сырқаты ағымдағы жылдың ақпан айында біліне бастаған. Баласының басы жиі ауырып, жағдайы нашарлаған соң өздеріне қарасты емханаға барған. Емхананың дәрігер-невропотологы тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның миында эхинококко кистасы бар екенін тауып, Нұр-Сұлтан қаласындағы нейрохирургилық орталыққа портал арқылы тіркейді. Кезек күту барысында науқас ем алғанымен, 14 наурыз күні жағдайы күрт нашарлап, жедел-жәрдем арқылы облыстық балалар ауруханасына түседі.
Балаға күрделі отаны көпсалалы балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Медетбаев және Аманжол Рүстемов пен Ануар Қосбармақов жасады. Ота 2 жарым сағатқа созылып, дәрігерлер оң нәтижеге қол жеткізген.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда бала өзін жақсы сезінеді. Науқастың көру қабілеті мен оң жақ қимыл қозғалысы қалыпқа келген.
Айта кетейік, күрделі отаны бастан өткерген бала алдағы 10 жыл дәрігерлердің бақылауында болады.