Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды мерекемен құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр халқын бірнеше мерекемен құттықтады.
Қадірлі жерлестер!
Бүгін – бірнеше атаулы мерекенің басы тоғысқан күн.
Алдымен айтсақ, бүгін – бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар жұлдыздар әлеміне қадам бассам деген арманы орындалған күн!
Осыдан алпыс жыл бұрын қазақ жерінде, қасиетті Сыр елінде орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1961 жылдың 12 сәуірінде кеңес ғарышкері Юрий Гагарин «Восток-1» кораблімен алғаш рет жер орбитасын 108 минут айналып ұшты. Осы оқиғадан соң ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутник арқылы экономиканың түрлі салаларында, метеорологияда бақылау, бағдарлау секілді заманауи игіліктерге жол ашыла бастады. Қазіргі таңда заманауи интернет, телефон желісі, цифрлық дәуірдің дамуына тұғыр болып саналуда.
Авиация және космонавтика күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы пленарлық отырысында ғарыш кеңістігін игеру ісіндегі алғашқы қадамға 50 жыл толуына орай арнайы қарар қабылданып, Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деген атау қосылды.
Біз адамзат баласы алғаш рет ғарыштық кеңістікке біздің жерімізден аттанды деп бір мақтансақ, осыдан отыз жыл бұрын алғашқы ғарышкер қазақ ұшты деп екі есе мақтанышпен айтамыз. Ұлт мақтаныштары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мусабаев, Айдын Айымбетовтер салған ғарыш жолын жалғастыратын қазақ баласы әлі талай шығады деп сенемін!
Сонымен бірге, 12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні.
Соңғы жылдары елімізде ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер жасалуда. «Ғылым туралы» заң қабылданып, ғылымды басқарудың жаңа үлгісі мен қаржыландырудың жаңа тетіктері жұмыс істей бастады.
Әлемдік ақпараттық ресурстар мен ғылыми басылымдар қолжетімді болып, ғылыми-техникалық сараптаманың халықаралық жүйесі енгізілді, ғылым мен білімнің, өндірістің интеграциясы қарқынды дамып келеді.
Қазақстанның ғылыми әлеуеті қашанда жоғары екені белгілі. Ғылым саласында біртұтас мектептің негізін салып, ғылыми жетістіктерге қол жеткізген ғалымдарымыз көптеп саналады.
Өзгесін айтпағанда, Сыр еліндегі жергілікті жоғары оқу орындары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда, «Болашақ» университеттерінің, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми институтының ғалымдары Қызылорда облысын кешенді дамытуға елеулі үлес қосуда.
Қазақстан ғылымын дамытуға зор үлес қосып отырған ғалымдарымызды Ғылыми қызметкерлердің кәсіби мерекесі күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еңбектеріне зор ғылыми табыс, шаңырақтарына шаттық, бақ-береке тілеймін!
Бұл күні Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген.
Сәтбаев – геологиядан басқа да ғылым салаларында, мәдениет пен тарихта із қалдырған ғалым. Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және ғалымның көптеген ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген.
Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.