Қызылордада таксиге отырған 7 жасар бала жоғалып кетті
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада әжесі таксиге отырғызып жіберген 7 жасар бала жоғалып кетті.
17 мамыр күні сағат 10:50-де Қызылорда қалалық Полиция басқармасына немересінің жоғалып кеткені туралы жергілікті тұрғын арызданған.
Одан бір күн бұрын 16 мамырда келіні 7 жасар ұлымен бірге қонаққа келген. Бала әжесінің үйінде қалуды жөн көреді. Келесі күні таңертең әжесі такси жүргізушісіне нақты мекенжайды көрсетіп, немересін көлікке отырғызып, анасына жіберген. Шамамен бір сағаттан кейін келініне қоңырау шалған әжесі, баланың үйге әлі келмегенін біліп, дереу 102 арнасына хабарлама түсіреді.
Аталған дерек бойынша іздеу шаралары дереу ұйымдастырылды. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының барлық жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, баланы іздеуді бастайды.
Баланы барлық жерден іздеген полицейлер, үй маңайындағы барлық жерді тінтіп шыққан. Іздестіру жұмыстары аясында анықталғандай, такси жүргізушісі көрсетілген мекенжайды таппай, баланы әжесі отырғызған жерге қайта апарып тастаған. Осылайша жасөспірім бала үйді шатастырып, жоғалып кеткен.
Ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторлар мен патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде бір сағат ішінде кәмелетке толмаған бала табылып, анасына аман-есен тапсырылды. Баланың анасы полицейлерге қызметі мен жеделдігі үшін шын жүректен алғыс айтты.