Қызылордада мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік қабылдау өткізді.
«Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласының қызметкерлері ұлттық мәдениетімізді дамытып, төл өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде қашан да алда келеді. Тәуелсіз еліміздің рухани байлығын арттырып, ертеден келе жатқан асыл мұраларымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде, төл өнерімізді халықаралық деңгейде танытуда мәдениет пен өнер саласы өкілдерінің алар орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің жалақысы 35 % өсті. Бұл өз кезегінде мәдениет саласының қызметкерлеріне көрсетілген үлкен қолдау деп есептейміз», – деді облыс әкімі.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде облыс бойынша типтік жобадағы 31 клуб, 6 музей, 1 кітапхана, 1 мемлекеттік архив құрылысы салынып, пайдалануға берілді.
Облыстық филармония жанынан кәсіби өнер ұжымдары құрылып, Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді. Бүгінде аталған шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін аймағымызда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде көрсетіп келеді.
Әлемді шарпыған пандемия кезінде де мәдениет қызметкерлері адам жанының рухани емшісіне айналып, карантиндік жағдайларға қарамастан әлеуметтік желілер мен арнайы ашылған «Сыр шаңырағы» Youtube каналында рухани-танымдық жобаларды, концерттер мен спектакльдерді, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар мен виртуалды көрмелерді онлайн режимде жүзеге асырып, халықпен байланысын үзген жоқ.
Сонымен қатар, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіби мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мәдениет ұйымдары мен сала қызметкерлері арасында «Рухани қазына – 2021» республикалық онлайн фестивалі ұйымдастырылып, Сыр елінің өнер ұйымдары 3 номинация бойынша жеңімпаз атанды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәдениет және өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала мамандарына марапаттар табыстады.
Атап айтқанда, Қызылорда қалалық М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің әдіскері Ляйла Нәсімханова, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Жаннат Ахметова, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Әлия Иманалиева, Қызылорда облыстық филармониясының әртісі Рауза Ысқақова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет ұлт аспаптар оркестрінің әртісі Абылайхан Сқақов пен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиеваға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бас режиссері Орынкүл Бұрханова, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының бас инженері Мұрат Абжанов, Қызылорда қаласы, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің бөлімінің меңгерушісі Жанар Ермағанбетова, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау, Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің әртісі Тоқтар Ағыраев облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Шара соңында Абылайхан Сқақов пен Орынкүл Бұрханова әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, аймақ басшысына көрсетілген құрметке алғыстарын жеткізді.