Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Ғанибек Қазантаев: Қоғамдық көліктердің бағытқа уақытылы шығуын қамтамасыз ету керек

Ғанибек Қазантаев: Қоғамдық көліктердің бағытқа уақытылы шығуын қамтамасыз ету керек

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев аппараттық мәжілісте қоғамдық көліктердің бағытқа тұрақты және уақытылы шығуын қамтамасыз ету керек екенін айтты.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Бірінші мәселе – мемлекеттік тіл саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы. Қызылорда қаласындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі жыл өткен сайын артып, мекемелерде іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымдарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың қорытындысымен мемлекеттік тілде шығысталған құжат айналымы 100 пайызды құраған. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов мәлімдеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолдану аясын кеңейту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығын баяндады.

Бөлім басшысы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған бастамаларын да атап өтті.

Бұл мәселеге қатысты қала әкімі ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттер бойынша нақты шаралар қабылдауды жүктеп, қазақ әліпбиінің латын графикасына көшіруге байланысты насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар атаулары шетел тілінде жазылған кәсіпкерлік нысандардың атауларын қолданыстағы заңға сәйкес реттеу бойынша түсіндірме жұмыстарын ширатуды міндеттеді.

Екінші мәселе агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстар. Мәжілісте бұл туралы толығырақ қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасулов баяндады.

Бөлім басшысының айтуынша, қалада агроөнеркәсіп кешенін дамытуда атқарылған жұмыстар аз емес көрінеді. Ал 2021 жылы қалаға «Сыбаға» бағдарламасымен 125 бас асыл тұқымды аналық және 3750 бас қой малының аналығын сатып алу жоспарланған.

Тиісті жұмыстардың ұйымдастырылуын баяу деп бағалаған қала әкімі бөлім басшысына межелі жұмыстарды жоспарға сай жүзеге асыруды тапсырып, қосымша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына тұрақты түрде бақылау жүргізіп, баға тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды қабылдауды жүктеді.

Қала аумағындағы қоғамдық көлік мәселесі де бүгінгі аппараттық мәжілістің күн тәртібіне ілікті. Өзекті мәселеге қатысты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев хабарлама жасап, қоғамдық көліктердің жол сызбасын оңтайландыру жұмыстары қайта жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Баяндауынша бұл жұмыстар аяқталғанда қаланың Белкөл кентінің екінші жақ беті, Байтерек, Саяхат мөлтек аудандары, қалаға қарасты ПМК-29, ПМК-66, Сабалақ, Ягодка, Пищевик саяжайларын толық қоғамдық көлікпен қамту мүмкіндігі артпақ.

Бұл ретте қала әкімі қоғамдық көлік мәселесі жол сызба жұмыстарын жүргізумен шешіліп кетпейтіндігін баса айтып, жауаптыларға қоғамдық көліктердің бағытқа тұрақты, уақытылы шығуын қамтамасыз етіп, күнделікті бақылау шараларын жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар барлық қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларына халықпен байланыс этикасын сақтау мақсатында түсіндіру жұмыстарын күнделікті жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы келген азаматтардың өтініштерін қарау кезінде тиянақтылық танытып, тұрғындарды әуре сарсаңға салмай, өтініш иесімен тиімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.

Мәжіліс соңында Ғанибек Қонысбекұлы берілген тапсырмалардың межелі уақытта және нәтижелі орындалуын өз бақылауына алып, жеке қадағалайтындығын жетікізді.
26 мамыр 2021 ж. 176 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области