Қызылордада «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқан басталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгіннен бастап 12 күн бойы «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі.
Қызылорда облысының полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі, еңбек саласындағы бақылау және білім басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ!», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» атты кең ауқымды рейдтік шаралар өткізілмек. Рейд барысында орталық базар, көлік жуу орындары, қалалық демалыс паркі және компьютерлік клубтарды аралап, бала еңбегін заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында жеке кәсіпкерлерге және балалардың ата-аналарына ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
«Балалар күніне арналған әрбір шара тақырыптық шаралармен айқындалып отыр. 1-12 маусым аралығында ақпараттық, тәрбиелік іс-шараларға ерекше мән беріп отырмыз. Мәселен, «Бақытты балдәурен», «Әлем балалардың көзімен», «Бала – заңмен қорғалған тұлға», «Еңбектен бос балалық шақ», «Балалар еңбегін пайдалануға жол жоқ!», «Біз бала еңбегіне қарсымыз» тақырыптарында облыстық музейде экскурсия, лекция, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
«Қазіргі кезде суға түсу маусымының басталғанына орай, жауапты сала мамандарымен суға шомылады деген жерлерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жазғы лагерлерде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қала, ауданда полиция қызметкерлері белгіленіп, қауіпсіздік шаралары жүргізіледі», – деді Қызылорда облысы Полиция департаменті ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Раушан Әбдіразақова.
Егер ата-ана тарапынан баланың өміріне, денсаулығына тиісті қамқорлық көрсетілмесе, ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 141 бабына сәйкес шара көрсетіледі.Жазғы демалыс эпид ахуалға сәйкес жузеге асырылады. Облыста 1-10 сыныптардың жалпы контингенті 160 711 құрайды. Жазғы демалыспен 1-10 сыныптан 155 257 бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Аймақта 8 лагерь жұмыс жасайды, онда 10556 мың бала демалады. Сонымен бірге облыста 275 мектеп жанында күндізгі лагерь жұмысына 90 263 бала қамтылады. Ал, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 мың баланы 100% сауықтыру демалысымен, саяхаттармен қамту бағытында қолдау шаралары көрсетіледі. 49 мың бала тынығудың басқа да түрлерімен, яғни, ата-аналарымен бірге (саяхаттау, санаторийлер, курорттар және т.б.) басқа өңірлердегі сауықтыру орындарында демалады.
«Біз өткен жылдан бері жақсы тәжірибені енгіздік. Пандемия лагерьлер жұмысын онлайн бағытта да іске асыруға мүмкіндік берді. Арнайы инстаграм желісі арқылы online_vacation_qzo парақшасын ашып, 22 мыңнан аса баланы бір плтаформаға біріктірдік. Балалар онлайн акциялар, жұлдыздармен тікелей эфирлер, түрлі марафондарға қатысып, уақыттарын қызықты өткізді. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, жаңа форматтарда дамитын болады. Балалар мобилиография, видеомонтаж жасау, заманауи би технологияларын үйренеді. Сонымен бірге танымдық әрі интеллектуалдық ойындарға қатысып, көкжиегін кеңейте алады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.