«Қайсар» футбол орталығының жасөспірімдері Тимур Сегізбаев турнирінің жеңімпазы атанды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған футболдан 2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыстық турнир аяқталды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында биыл он екінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Байқоңыр, Қызылорда қалаларынан және аудандардан 8 команда 120 спортшы сынға түсті.
Турнир нәтижесінде «Қайсар» футбол орталығының өрендері көш бастаса, екінші орынды Арал ауданы, үшінші орынды Қызылорда облысының №6 футбол жөніндегі олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі, төртінші орынды Жаңақорған ауданының командалары иеленді.
Жарыста «Үздік қақпашы» номинациясы бойынша Ғанибек Өтеміс (Арал), «Үздік қорғаушы» Құл-Мұхаммед Әбдірахманов (Жаңақорған), «Үздік жартылай қорғаушы» Нұрдәулет Айтбай (# 6ОРМБЖМ), «Үздік шабуылшы» Ерсұлтан Біртай («Қайсар» ФО), «Үздік ойыншы» Азат Айбын («Қайсар» ФО) марапатталды.
Жеңімпаз, жүлдегер командалар және үздік ойыншылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық футбол федерациясының диплом, медаль, кубок, естелік сыйлықтарымен марапатталды.