ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
Қытайлық «Сибу Қызылорда» инженерлік бұрғылау компаниясы жұмысшыларының еңбек құқығына қатысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева, ОІІД басшысының орынбасары Нұрлан Анарбаев, «Алтай Торг Сервис» ЖШС мамандар бөлімінің басшысы Берікбол Жеткерген, «Сибу Қызылорда» инженерлік бұрғылау компаниясы ЖШС басшысы Ван Дося қатысты.
Бұған дейін белгілі болғандай, компанияның жұмысшыларынан еңбек саласындағы бақылау басқармасына арыз түскен. Жұмысшылар компанияның кадр бөлімінің басшысының жұмысына наразылық танытып, жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Айтуларынша, вахта кестесін кадр бөлімінің басшысы шешеді және ол үшін ақша алады. Сондай-ақ, жұмысшылардың кезекті еңбек демалысы кезінде берілетін ақының уақыты да кешіктірілген.
- Бізге түскен арыз бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірлесіп жұмысшылармен де кездестік. Тексеру барысында заң бұзушылықтың болғандығы анықталды. Қазіргі таңда вахта кестесі бекітіліп, жұмыс берушімен тиісті шаралар қабылданды.
ОІІД басшысының орынбасары Нұрлан Анарбаевтың айтуынша, кадр бөлімінің басшысы Әлия Егембердиеваға қатысты алаяқтық жасады және заңсыз сыйақы алды деген айып тағылып отыр. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде тараған тергеушілердің қысым көрсетуі жайындағы ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтты.
Айта кетейік, «Сибу Қызылорда» компаниясында 459 жұмысшысы бар. Оның 436-сы өз жерлестеріміз.