Қазалыда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда
Kyzylorda-news.kz. Қазалыда жыл басынан бері 7,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев мәлімдеді.
«Аудан экономикасы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, жыл басында аудан бюджеті 21,6 млрд. теңге болып бекітілсе, алты айда 22,7 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде, өз кірістеріміз 1,9 млрд. теңгені құрады. Бюджетке түсетін салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 799,6 млн. теңгеге жоспарланып, 126,7 пайызға орындалды»,-деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бүгінде ауданда кәсіпкерлердің саны 5 510-ға жетті.
«Жыл басынан бері 636 кәсіпкер тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға өсті. Бірінші жарты жылдықта түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 517 адам 2,3 млрд. теңге қайтарымсыз грант пен несие алды. 10 кәсіпкерлік нысан толығымен пайдалануға берілді»,-деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.