Қызылордада бір жасқа толмаған балалар арасында коронавирус анықталуда
Kyzylorda-news.kz. Соңғы тәулікте аймағымызда короновирустың 206 жағдайы тіркелсе, оның 142 дерегі облыс орталығынан анықталған. Жұқтырғандардың 42-сі 14 жасқа толмаған балалар, олардың ішінде 3-еуі 1 жасқа толмаған нәресте. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.
«Бүгінгі күні өткен жылдың шілде айынан кейін аурушаңдықтың 3-ші толқындық бас көтеруі орын алып отыр. Ағымды жылдың сәуір айында ауру саны күрт өсіп, 1540 жағдай тіркелсе, шілде айының 15-ші жұлдызынанда індет жұқтырғандар саны 3341-ге жетті. Ал 29 шілдеден бастап тәулігіне 200-ден аса жағдай анықтала бастады. Қазіргі уақыттағы ең жоғарғы дерек саны – 220. Бұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде болған емес, былтырғы шілде айында ең жоғарғы ауру тіркелген саны 118 болатын. Эпидемиологиялық ахуал өте күрделі», -деді Ә.Әбдіқайымова.
Бүгінге дейін аймақ бойынша коронавирус инфекциясының барлығы 10 741 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 59% клиникалық белгілерімен анықталса, симптомсыз түрінің үлесі 41%. Барлық тіркелген коронавирус инфекциясының 2% сырттан тасымалданған, 58% скринингтік тексеру нәтижесінде және 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар болды. Тіркелген жағдайлардың басым бөлігі, яғни 62,4% Қызылорда қаласының үлесінде. Сонымен қатар аудандар арасында жоғары көрсеткіш Жаңақорған, Шиелі және Сырдарияда тіркеліп отыр.
Облыста тіркелген 8095 ошақтың 2014-нің инкубациялық мерзімдері аяқталмай, әлі де бақылануда. Оның ішінде үй ошағының саны – 1800, ұйымдасқан ошақтар саны-214. Барлық ошақтарда қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, індетке қарсы, профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Ошақтардағы қарым-қатынастағыларға 14 күнге медициналық бақылау орнатылды.