Қызылорда: Сол жағалаудан 9 және 12 қабатты үйлер салынады
Kyzylorda-news.kz. Сырдария өзенінің сол жағалауынан 2022-2023 жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында 9 және 12 қабатты үйлер салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов хабарлады.
Брифингте құрылыс саласында ағымдағы жылы іске асатын жобалар да айтылды. Мәселен, биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2158 пәтерді құрайтын 105 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Ал жыл аяғына дейін 1608 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 695 пәтерді құрайтын 49 арендалық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына табысталса, 463 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларына беріледі. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қор есебінен бөлінген 2.8 млрд. теңгеге аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады», – деді А.Нұрмағанбетов