«Туған жерге тағзым»: Жалағаштық кәсіпкерлер меморандумға қол қойды
Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен Аламесек ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» жобасы аясында елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыруға байланысты өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумына қол қою рәсімі өтті.
Аудан басшысы жоба аясында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды баяндап шықты.
«Ауылдың жағдайын жақсартамын, елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына өз үлесімді қосамын деп біздің ұсынысымызға бей-жай қарамай ынтымақтастық қолын созған азаматтарға ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта «Қарабура Ата» фермерлік қожалығы құны 5 млн. теңгені құрайтын елді мекендегі кіре беріс жолын жарықтандыру жұмыстарын, «Жаңа арық» шаруа қожалығы 6 млн. теңгені құрайтын осы жолды абаттандыру жұмыстарын қолға алмақ. Сонымен қатар, құны 5 млн. теңге болатын «Ипподром» құрылыс салу жұмыстарын «Көктөбе» шаруа қожалығы, 4 млн. теңге болатын Өмірбай шешен көшесін абаттандыру жұмыстарын «Нағи» шаруа қожалығы жүзеге асырмақ. Игілікті істің бастамасына сәттілік тілеймін»,-деді Асылбек Шәменов.
Кездесуде «Қарабура ата», «Жаңа арық», «Көктөбе», «Нағи» шаруа қожалықтарының төрағаларымен меморандум жасалып, ақсақалдар батасын берді.