СОТСЫЗ ТАТУЛАСУ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ – ҚОҒАМ ҮШІН ҚАЖЕТТІ БАСТАМА
Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Жоғары Соты төрағасының кеңесшісі С.Сүлейменнің қатысуымен «Сотсыз татуласу орталығын» құрудың тиімділігін түсіндіру мақсатында жиын өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналысқа "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық сот төрағасы А.Абдулла, аудан прокуроры А.Тәженов, аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Байдушев, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым төрағалары мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында ҚР Жоғары Соты төрағасының кеңесшісі С.Сүлеймен пилоттық жобаның мақсаты, халық үшін тиімділігі туралы баяндама жасады.
- Ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны осында бастауды жөн көрдік. Жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дау көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығынға ұшырайтын жағдайлар жиілеп барады. Дегенмен, жақсы тәжірибеміз де аз емес. Сотсыз-ақ, бітімгершілікпен көп мәселені шешуге болады. Мұндай тәжірибені кеңінен қолдану қажет», - деп атап өтті Сағатбек Сүлеймен.
Жиында сонымен бірге, еңбек ардагері А.Бахтиярова, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, ардагер-ұстаз Г.Әбіловалар сөз сөйлеп, ҚР Жоғары Соты тарапынан көтерілген бастаманы қолдайтындықтарын жеткізді.