Ерлан Жаңабаев: 46 көпқабатты тұрғын үй жылу желілеріне қосылмады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 10 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталды. Қалада 743 тұрғын үй орталықтандырылған жылу желісіне қосылған. Ал 40-тан астам көпқабатты тұрғын үйге жылу желілерінің ақауына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев мәлімдеді.
«Қала және аудан әкімдері бюжеттік бағдарламаның мәліметіне сәйкес күнделікті мониторинг жүргізуде. Жалпы қаладағы 46 көпқабатты тұрғын үй жылу желілеріне қосылмады. Қазіргі таңда ол тұрғын үйлерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде «Қызылорда жылу электр орталығы» мен «Қызылорда тазалық мекемесімен» бірге тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, орталықтандырылған жылу желісіне қосылған 143 әлеуметтік нысанның 61 жылумен қамтамасыз етілді. Ал облыс көлемінде әлеуметтік нысандарға отын қорынан 33 мың тонна көмір мен 25 мың дизель отыны қажет. Бұл бағытта қажетті отын көлемін жеткізуші мекемелермен келісім шарт жасалған. Қажетті отын көлемі кезең-кезеңімен жеткізілуде. Ал көмір көлемінің 140 мың тоннасы қажет болса, оның 73 пайызы жеткізілді», – деді Ерлан Жаңабаев.
Өңірде 30 кәсіпорын мекемесі көмір отынын сатумен айналысады. Тұрғындарды уақытылы көмірмен және қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Тиісінше көмір сатушы кәсіпорындармен 19 екі жақты меморандум жасалынған.
«Тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие Шұбаркөл көміріне ең төменгі баға 14 400 теңге белгіленген болса, ең жоғары баға 18 000 теңге Қазалы және Қармақшы аудандарында анықталып отыр. Сондай-ақ, көмірді тауар биржаларында сатып алуға болады. Әр биржаның өз талаптары бар. Бұл жөнінде өңірлік операторларға тиісті түсіндірмелер берілді. Биылғы жылы жылу беру маусымы кезінде әлеуметтік-мәдени, білім, денсаулық сақтау нысандарына 140 мың тонна қатты отынның қажеттілігі жоспарланған», – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.