Ахан Кенжебаев: Едіге батыр жыры біз ойлағаннан да ауқымды шығарма
Kyzylorda-news.kz. Тамыры терең, тарихы кенен Тәуелсіз мемлекетіміздің осы күнге оңай қол жеткізбегені белгілі. Оны біз мұрағаттарда шаң басқан тарихи деректерден, зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен, сонымен қатар халық ауыз әдебиетінде сақталған аңыз-әпсаналар мен жыр-толғаулардан естіп, біліп жүрміз. Халық ауыз әдебиетінің бай үлгілерімен танысу арқылы бойымызда ғаламат қозғалыс, ерекше тербеліс пайда болады. Себебі ол біздің ұлттық таным-түсінігіміз бен арман-қиялдарымыздың шындықпен ұштасқандағы нәтижесі екені хақ.
Едіге батыр жыры біз ойлағаннан да ауқымды, құндылығы мол шығарма. Оны қазақ әдебиетінде ғана емес, басқа да түркі халықтарында да бірнеше нұсқасы бар екенін ескере отырып байқауға болады. Оқушылар арасында мұндай байқау ұйымдастыру елдігімізге, тарихымызға, рухани құндылықтарымыз бен бай мұраларымызға ерекше құрмет деп білемін. Жырды жаттау арқылы балалар бойына батырлық рухты, отансүйгіштікті сіңіре алады деген үміттемін. Сөз дегеніміз тірі зат. Санаға сіңген сөз, мейлі ол жаттанды түрде болсын, өз әсерін бермей қоймайды. Оны қаншама ғалымдар да дәлелдеп отыр. Қазақта оны «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.
Сондықтан алдымызда жоспарланып отырған байқау «рухани жаңғыруға» жақсы бастама болмақ. Сайысты ұйымдастырушыларға және қатысушы балаларға сәттілік тілеймін!
Ахан Кенжебаев,
Жалағаш аудандық маслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары