Гүлшара Әбдіқалықова: Көмірдің қажетті көлемде уақытылы жеткізілуіне жауапты екендеріңізді қайта ескертемін
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар мәселелер бойынша кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, барлық басқарма басшылары мен онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен өңір басшысы аймақтағы жылу беру жұмыстарының барысын саралап, 1 қазан күнгі «Қызылордаэлектржылуорталығы» мекемесінде өткен көшпелі штаб отырысында міндеттеген бірқатар тапсырмалардың орындалуын таразылады.
Өңірдегі жылудың жағдайын баяндаған облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев бүгінгі күнге облыстағы 816 тұрғын үйлердің 799-на жылу беріліп, 17-не жылу беру жұмыстары жүргізілгенін баяндады. Сондай-ақ, 1064 әлеуметтік нысанның 1048-і жылумен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
Көмір бағасын бірқалыпты жағдайда ұстау үшін Әкімдік пен көмірді сатумен айналысатын өңірлік операторлар арасында меморандум жасалды. Нәтижесінде, бүгінгі күні облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету көрсеткіші 88 пайызға жетті. Облыстағы жылу беру жағдайын таразылау мақсатында облыс әкімі аппаратының инспекторлары қала мен барлық аудандарға барып, жылу беру маусымының өту барысын зерделеген. Нәтижесіне қарай облыс әкімі қыс мезгіліне дайындық мәселесіндегі жоспарлы жұмыстардың әлі де көңіл көншітпейтінін назарға салып, жауапты сала басшыларына қатаң түрде ескерту жасады. Мәселен, Қазалы ауданы Тасарық елді-мекеніндегі №238 мектептегі жылу қазандығының жарылуы, Ақсуат ауылдық округіндегі №100 орта мектебінің әлі де жылуға қосылмағандығы, №9 балабақшаның қазандық ғимараты жарылып, бу қазандығына зақым келгендігі анықталған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау нысандарының көмірмен қамтылмағанын айтып, сынға алды. Облыс әкімі кемшіліктерді 10 күн ішінде жойып, мәселені шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жиында облыс әкімі селекторлық байланыс арқылы қосылған қала және аудан әкімдерінің берген есептерінің нақты жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, тапсырмалардың тиянақты орындалуын талап етті.
«Жылу беру маусымына дайындықтарыңыз көңілімнен шықпайды. Мәселен, Арал ауданындағы көмір қоймасы бос тұр. Қазалы ауданы бойынша тұрғындарға қажетті 16 мың тонна көмірдің тек 69 пайызы, Жалағаш ауданы бойынша қажетті 17 мың тонна көмірдің 65 пайызы ғана жеткізілген. Қармақшы ауданында да көмірден тапшылығы сезілуде. Сырдария ауданына қажетті көмірдің 63 пайызы, сұйық отынның 76 пайызы ғана әкелінген. Шиелі және Жаңақорған аударында жылу беру жұмыстары бүгін басталды. Ал, облыс орталығында орналасқан 4 қоймада көмір жоқ. Әлеуметтік желілерде Наурыз, Махамбет, Сабалақ елді мекендерінің тұрғындары көмірдің жоқтығына шағымдануда. Сондықтан қала, аудан әкімдері олқылықтарды тез арада шешіп, жағдайға нақты талдау жасап, нәтижесі бойынша есеп бересіздер», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында жылу беру маусымында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға уақытылы жылу беру ісінде тиісті жұмыстарды өз деңгейінде орындауда енжарлық танытқан басқарма басшысы Ерлан Жаңабаевқа ауызша ескерту жасады.
«Қала және аудан әкімдіктері, тиісті сала басшылары, Сіздер әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылумен, электр энергиясымен, газбен, сумен тұрақты қамтамасыз етілуіне, халыққа сапалы көмірдің қажетті көлемде уақытылы жеткізілуіне жауапты екендеріңізді қайта ескертемін. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу беру маусымына 100 пайыз дайынбыз деген мәлімдемесі іс жүзінде көрінбейді. Бүгіннен бастап барлық әлеуметтік нысандарымен аудан, қаладағы көмір қоймаларын аралап, 10 күн мерзімде жылу беру маусымының өту барысы туралы баяндайсыздар!Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері берілген тапсырмалардың мерзімінде орындамауына байланысты жауапты орынбасарларына тәртіптік жауапкершілігін қарасын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, өңір басшысы қала, аудан әкімдері облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп, өңірдегі көмір жеткізуші кәсіпкерлермен жұмыс жасап, тұрғындарды толыққанды қажетті көмір қорымен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды ескертті. Кеңейтілген отырыста облыс бюджетінің игерілу барысы да қаралды.
Аймақ басшысы алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврованың есебін тыңдады. 1 қазандағы сандық мәліметке сәйкес, облыс бюджеті түсімдері 102,5 пайызға орындалған. Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Жұмсалмаған қаржы көлемі 852 миллион теңге, оның ішінде 213 миллион теңге үнемделген қаржы болса, түрлі себептермен 639 миллион теңге игерілмеген.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова салалық басқармалар мен қала және аудан әкімдерінен бөлінген қаржының игерілмеу себебін сұрады. Әсіресе, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бірнеше ауданда жұмыстар толық жүргізілмегендігін қатаң түрде сынға алып, қаржыны игерудің нақты игеру ісінде жұмысты тез арада реттеуді ескертті.
Жиын соңында өңір басшысы жоспарланған қаржыларды, оның ішінде республикалық бюджет қаражатын 100 пайызға игеруді тапсырды. Сондай-ақ, жұмсалмаған ақшаны қайтару немесе қайта бағыттау бойынша жұмыстарды жауапты министрлікпен бірге үйлестіруді міндеттеп, басқармалар, қала және аудан әкімдеріне жыл аяғында бюджетті игеруде төмен көрсеткіш орын алса, лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара көрілетінін қатаң ескертті.