Аралда балық қалдықтарынан ұн шығарылмақ
Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Б. Жаханов жұмыс сапарымен Арал ауданында болып, өңірдегі балық өңдеу мен түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару жобасы бойынша салынған нысандарды аралап, жағдайымен танысты.
Алдымен «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңнен өңдеу және пластик қайық дайындау» цехына барып, жұмыс барысын көрді. Аталған цехта балықтар «Евростандарт» бойынша мақұлданған технологиямен өңделіп, ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жөнелтіледі. Қазіргі таңда аталған зауыт аумағынан балық қалдықтарынан ұн шығару және пластик қайық дайындау цехының құрылысы аяқталған. Ұн шығаруға арналған цехқа қажетті құрылғылар да жеткізілген.
Мұнан кейін Арал қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан «QAZAQ CAMEL» ЖШС -нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» зауытында болды. Жоба бойынша екі ғимарат құрылысы – сүт қабылдап, жинау және құрғақ ұнтақ дайындау ғимараттарын салу жоспарланған. Қазіргі таңда сүт жинақтау ғимаратының құрылысы аяқталған. Құрғақ ұнтақтар шығару құралғыларының ғимараты бойынша жоба сметалық құжаттары дайындалуда.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Сырдария өзенінен келіп жатқан суды белгілі деңгейде ұстап, балықтың өсуі мен мал азығын дайындауға жағдай жасау үшін сол маңдағы көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы су жіберілуін реттеп тұрған «Ақ лақ» су тоспасына және «Көкарал» бөгетіне барып, қазіргі жағдайымен таныс болды.